Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-ның 10 кәсіпкер әйелі бизнес дамыту бойынша тегін оқуды бастады

СҚО-ның 10 кәсіпкер әйелі бизнес дамыту бойынша тегін оқуды бастады

Петропавл қаласында әйел-кәсіпкерлерге арналған «Табыс Қыз» атты тегін оқыту курсы басталды. Жобаны ұйымдастырушы – СҚО Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салалықаралық кеңес. Жүзден аса өтініштің ішінен ең лайықты 10 қатысушы таңдалып алынды, деп хабарлайды QZ NEWS.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 модульден тұратын бұл курс жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер әйелдерге қазіргі заманғы бизнес жүргізу үшін қажетті негізгі дағдыларды үйретуді көздейді. Бағдарламада стратегия, маркетинг, қаржы және жеке тиімділік сынды маңызды бағыттар қамтылған.

Оқыту курсының алғашқы модулі салық және бухгалтерлік есептің ерекшеліктеріне арналды. Қатысушылармен өз білімін және 22 жылдық тәжірибесін бөліскен спикер – салалықаралық кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер, кәсіби бухгалтер Юлия Максаймер.

Өз модулі аясында спикер ЖШС мен ЖК ретінде тіркеудің айырмашылықтары, олардың банкрот болған кездегі салдары, салық режимдері мен табысты декларациялау тәртібі туралы жан-жақты түсіндірді. Бұл – кез келген кәсіпті жаңадан бастаған адам үшін аса маңызды тақырыптар.

Курсқа қатысушы Динара Нукушева алғашқы күнгі әсерімен бөлісті:

– Бұл курсқа қатысушылар қатарынан табылғаныма қуаныштымын. Мен – кәсіпкермін, бір уақытта басшы әрі нутрициологпын. Сондықтан тақырыптар маған өте қызықты әрі жақын. Бухгалтерияны өзім жүргізетіндіктен, ол бағыт та өзекті, маркетинг те маңызды. Бүгін салық және бухгалтерлік есеп бойынша сабақ өттік – өте керемет, тәжірибелі ұстаз барлық ақпаратты түсінікті әрі нақты жеткізді, – деді ол.

«Табыс Қыз» жобасы аясындағы оқыту 21 тамызға дейін жалғасады. Сертификат алу үшін қатысушылар сабақтардың кем дегенде 80%-ына қатысуы тиіс. Бұл олардың материалды терең меңгеруіне және бизнесті сәтті жүргізуге қажетті құзыреттерді толық игеруіне мүмкіндік береді.

Shares