Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Жаңа оқу жылы жақындап қалды: СҚО-да «Мектепке жол» акциясына дайындық басталды

Жаңа оқу жылы жақындап қалды: СҚО-да «Мектепке жол» акциясына дайындық басталды

July 29, 2025 12:00

Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайынғы республикалық қайырымдылық акциясы – «Мектепке жол» науқанына дайындық жүріп жатыр. Биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен бұл игі шара «Жақсылық жаса» ұранымен өтеді. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы балаларға жан-жақты қолдау көрсету, деп хабарлайды QZ NEWS СҚО білім басқармасына сілтеме жасап.

2019 жылдан бастап жыл бойы жалғасатын форматқа ие болған акция аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мектепке дайындықта көмек көрсетуге бағытталған.

– Өткен 2024 жылы «Мектепке жол» акциясы аясында 13 063 оқушыға жалпы сомасы 480 миллион 9 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Биыл білім бөлімдері көмекке мұқтаж балалардың тізімін жасап, демеушілермен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. СҚО-да тұрақты демеушілер қатарында облыс әкімдігіне қарасты басқармалар, Петропавл қаласының бөлімдері, ірі шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер бар. Атап айтқанда, «Мамбетов и К», КС «Бредун», «Зенченко» ЖШС, «Новомихайловское 2003», «Кызыласкерское», «Дайындық АГРО», «Полтавское», «Стан», «Астык STEM», «Август», «Кулик Н.П.», «Лобаново», «Дельта ЗЛАК», «Заградовское», «Гермес Агро», «Мичуринский», ШҚ «Штыма В.И.», «Бегенов Т.У.», «Целинное 2004», ЖК Бикина Х.Х., ЖК «Мереке» және тағы басқалар, – деп мәлімдеді СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қайырымдылық көмектен бөлек, аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешек, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға 46 228 теңге мөлшерінде төлем қарастырылған. Бұл көмекті алу үшін ата-аналар тиісті құжаттарды ұсынуы қажет.

– Мемлекеттік білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылай және материалдық көмек көрсету – мемлекеттік қызмет болып табылады. Бұл қызметті мектептер көрсетеді, олар құжаттар топтамасын жинап, білім бөлімдеріне жіберіп, төлемдердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Мектепте сабақ басталуына бір ай ғана қалды. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы барлық жомарт жандар мен ұйымдарды осы игі шараға қатысуға шақырады. Сіздің көмегіңіз балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына зор үлес қосып, білім алу жолындағы алғашқы қадамдарын жеңілдетеді, – деді басқарманың баспасөз қызметі.

Shares