СҚО тұрғындарына тегін медициналық көмек көлемі артады: МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізілді

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға маңызды өзгерістер күшіне енді. Ресми құжатқа сәйкес, жаңа ережелер онкологиялық ауруларға да қатысты болып отыр, бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жолында маңызды қадам, деп хабарлайды QZ NEWS.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы ұсынған мәліметке сәйкес, 2025 жылдың екінші жартысынан бастап онкологиялық ауруларға скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) енгізіледі. Бұл дегеніміз — бұл тексерулер енді азаматтардың МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, бәріне бірдей тегін көрсетіледі.
Осы жылдың алғашқы алты айында СҚО-да 53 524 адам онкологиялық скринингтен өтті. Облыстық онкологиялық орталық келесі мәліметтерді жария етті:
Сүт безі қатерлі ісігі (СБҚІ):
Қаралғандар саны: 18 596 адам
Анықталған жағдайлар: 16 қатерлі ісік
Жатыр мойны қатерлі ісігі (ЖМҚІ):
Қаралғандар саны: 13 466 адам
Анықталған жағдайлар: 5 қатерлі ісік
Анықталған: 61 обыр алды жағдайы
Ішек-қатерлі ісігі (колоректалды рак):
Қаралғандар саны: 21 462 адам
Анықталған жағдайлар: 10 қатерлі ісік
Анықталған: 94 обыр алды жағдай
2026 жылдан бастап 11 әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша күдік туындағанда, кеңес беру және диагностикалық көмек те тегін болады. Олардың қатарында: туберкулез, ВИЧ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылулар, сирек кездесетін (орфандық) аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт және т.б. Бұған дейін мұндай көмек тек ВИЧ пен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана көрсетілетін.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінің базалық пакеті мына қызметтермен толықтырылады:
- Амбулаторлық диализ
- Кеңес беру және диагностикалық көмек
- Амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету
- 12 топтағы созылмалы аурулар бойынша жоспарлы түрде көрсетілетін стационарлық және стационарды алмастыратын көмек
Бұл ауруларға мыналар жатады: бауыр аурулары, қан мен қан түзу ағзаларының аурулары, асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігінің аурулары, жұқпалы емес энтерит пен колит, артропатиялар, дорсопатиялар, қалқанша без аурулары, қуықасты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, әйелдердің қабынусыз жыныс мүшелері аурулары, бронхоөкпелік дисплазия, жүректің туа біткен ақаулары және даму ақаулары.
