Олардың ерлігі ұмытылмайды: Қызмет барысында қаза тапқан сегіз полицей туралы естелік

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметінің тарихында қызметтік міндетін атқару кезінде сегіз тәртіп сақшысы қаза тапты. QZ NEWS редакциясы бұл материалды сол батырларға арнап, олардың әрқайсысы туралы, сондай-ақ қайғылы оқиғалардың уақыты мен мән-жайы туралы баяндайды.
СҚО Полиция департаментінің музейінде қаза тапқан қызметкерлердің тарихы, жеке заттары, тіпті олардың өмірін қиған қарулар да сақтаулы.
Павел Заикин — СҚО-да қызмет барысында қаза тапқан алғашқы полицей. 1931 жылы Петропавл қалалық милициясында кіші милиционер болып жұмысын бастаған. 1935 жылдың шілдесінде мінсіз қызметі үшін Ленин аудандық милиция бөліміне уәкіл болып тағайындалған. Сол жылдың тамызында ұрылар тобын ұстау кезінде қаза тапты. Қылмыскерлер оны алдап, темекі сұрау арқылы жақындап, пышақтап кеткен. Қазір музейде сол қылмыс жасалған екі пышақ сақталған.

Роман Волошенко — Павел Заикиннен кейін 15 жылдан соң, 1947 жылы қаза тапқан. Петропавл теміржол милициясында қызмет еткен, ҰОС ардагері, “Қызыл Жұлдыз” ордені мен “Жапонияны жеңгені үшін” медалінің иегері. Түнгі кезекшілік кезінде артынан келіп, пышақтап өлтіріп, құжаттарын шашып кеткен.

Ғазиз Есімов — 1951 жылы қаза тапқан жас милиционер. Ол Петропавл қалалық милициясында бір жыл жұмыс істеп үлгерген. Жексенбі күнгі би кешінде екі мас матрос жұртты ұрып-соғып жатқанда, Ғазиз Есімов олардың бірін тоқтатуға тырысып жатқанда, екіншісі артынан келіп, мойнын пышақтап жіберген. Қазір оның құрметіне ПД алдында жастар аллеясы аталған.

Юрий Медведев — 1963 жылы 16 желтоқсанда қаза тапты. Сол күні 4 жасар қызына қуыршақ сыйлаймын деп уәде берген. Қылмыскердің қолынан оқ тиіп, сол жерде жан тапсырды. Қуыршақты қызына оның әріптестері табыс еткен.

Василий Малышев — Ұлы Отан соғысының ардагері, бес рет ауыр жараланған. Зейнетке шығуына аз уақыт қалғанда қарулы қылмыскерді ұстау кезінде оқ тиіп, қайтыс болды. Оның киімі мен марапаттары музейде сақтаулы. Қазір оның атымен көше аталған.

Алексей Щербаков — 16 жыл Петропавл қалалық ІІБ-де қызмет етті. “Жеке ерлігі үшін” жоғары мемлекеттік наградасының иегері. 1990 жылы пәтердегі мас жанжалқойға қарсы жалғыз өзі кіріп, ауыр жараланып, қаза тапты. Оның құрметіне Смирново ауылында көше және мектепке ескерткіш тақта қойылған.

Анатолий Добрынин — 1993 жылы 15 қарашада қызмет барысында көз жұмды. Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы кезекшілікте болғанда есік қағылғанда көмек сұрауға келген шығар деп, ашқан сәтте оқ тиіп қаза тапты.

Сергей Васильченко — 1995 жылы белгісіз біреулердің қолынан ауыр бас сүйек жарақатын алып, қызмет барысында қайтыс болды.

Павел Заикин мен Сергей Васильченконың өліміне қатысты істер әлі күнге дейін ашылған жоқ. Полиция музейіндегі экспозицияларда сол батырлардың оқиғалары мен жеке заттары келушілерге олардың ерлігін еске салып, бейбіт күннің бағасын ұғындырады. Қызмет бабында өмірін қиған полицейлер — қоғам тыныштығы жолында құрбан болған шынайы қаһармандар.
