СҚО-да ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық аясында алғашқы сотталушы бостандыққа шықты

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай жарияланған рақымшылық бойынша алғашқы босату рәсімі өтті. Бостандыққа ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотталған 43 жастағы әйел шықты, деп хабарлайды QZ News.
Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 23 маусымда қол қойған болатын. Құжат кейбір санаттағы сотталғандарға жазаны жеңілдетуді немесе толықтай босатуды қарастырады.
Бостандыққа шыққан әйел 9 айға сотталған болатын. Жаңа заңға сәйкес, оның жаза мерзімі 7 айға қысқартылып, осының арқасында ол шартты түрде ерте босатылды. Оны мекеме қақпасынан ересек қызы күтіп алды.

Қазіргі уақытта өңірдегі түзету мекемелерінде 1700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 250-ге жуық сотталған, соның ішінде 50-ден астам әйел рақымшылыққа ілігеді деп күтілуде.
— Әрбір іс жеке қаралады. Негізгі назар алғаш рет сотталған, қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтар мен осал жағдайдағы әйелдерге аударылады, — деп мәлімдеді СҚО бойынша ҚАЖ департаменті.
