Тайыншада “Ақбидай” облыстық ойындары басталды

Тайынша қаласында «Ақбидай–2025» XXIX облыстық ауыл спорты ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, сондай-ақ өңірдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшылары мен тұрғындар қатысты, деп хабарлайды QZ News.
«Ақбидай» ойындары – бұл жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – бірлік пен патриотизмді, жігер мен рухты бейнелейтін нағыз мереке. Бұл дода ауылдан шыққан болашақ чемпиондар үшін дәстүрлі түрде алғашқы қадам алаңы болып келеді.
Ауыл спортының дамуына серпін беретін бұл спорттық фестиваль жыл сайын облыстың барлық аудандарынан үздік спортшыларды біріктіреді. Ол бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және Мемлекет басшысы айқындаған спортты жаппай дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналған.

— «Ақбидай» ойындары жас буынға шабыт береді, үлкен спортқа жол ашады және бірлік рухын нығайтады. Барша қатысушыларға әділ бәсеке, жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тілеймін! – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Бүгінде облыста спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде: ауылдарда жаңа спорт кешендері, хоккей корттары мен көпфункционалды алаңдар ашылуда. Өңір спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп, жергілікті кәсіпкерлер спорттық бастамаларға белсенді қолдау көрсетіп келеді.
