Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстандықтар балгерлер мен астрологтарға миллиардтап ақша жұмсап жатыр

Қазақстандықтар балгерлер мен астрологтарға миллиардтап ақша жұмсап жатыр

July 11, 2025 12:14

Қазақстанда тылсым күштерге деген қызығушылық артып келеді. Ел арасында балгерлер, астрологтар мен экстрасенстердің қызметіне сұраныс көбейген. Finprom порталының мәліметінше, бұл қызмет түрлерінің нарықтағы көлемі бір жылдың ішінде 75 есе өскен, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Мемлекетке ресми түрде есеп беретін көріпкелдер мен балгерлер былтырғы жылы 2,9 млрд теңгеге қызмет көрсеткенін мәлімдеген. Салыстыру үшін: 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39,5 млн теңге болған.

Аталған соманың басым бөлігі — 2,7 млрд теңге — балгерлер, нумерологтар мен астрологтардың үлесінде. Ал экстрасенстер 225,7 млн теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп.

Алайда нақты табыс бұдан да жоғары болуы мүмкін, себебі тылсым қызмет көрсететін «мамандардың» көбісі бейресми түрде жұмыс істейді: жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, тиісінше салық та төлемейді.

Қызықты дерек: сарапшылардың айтуынша, көрсетілген қызметтердің жалпы сомасының тек жартысын ғана қарапайым азаматтар төлеген. Қалған 1,4 млрд теңге түрлі ұйымдар мен өзге де көздерден түскен. Бұған дейінгі жылдары мұндай айырмашылық байқалмаған.

Қызмет бағасы сұранысқа байланысты әртүрлі. Мысалы, кәдімгі карта арқылы бал ашу — шамамен 3 мың теңге. Таро картасымен кеңес алу — 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін.

Көз тию мен жамандықтан қорғану рәсімі — орта есеппен 30 мың теңге. Қарыздан қорғану бағдарламасы — 45 мың теңге.

Тағдыр матрицасын толық талдау — шамамен 200 мың теңге. Ал кетіп қалған жарыңызды қайтару — 500 мың теңгеге дейін барады. Бизнесіңізді “жолға қою” рәсімі — 400 мың теңге. Ал деструктивті, яғни зиян келтіруге бағытталған түрлі рәсімдер 1 млн теңгеден басталады.

Сондықтан қазақстандықтарға көріпкелдерге жүгінбей тұрып, мұндай қызметтердің барлық “артық-кемін” таразылап алған жөн. «Ойын соған тұрарлық па?» деген сұраққа алдымен өздері жауап беруі керек.

Shares