«Ботай» монументі Петропавл қаласының кіреберісінің жаңа нышанына айналады

Петропавлда «Оңтүстік» бекеті бағытындағы кіреберісін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар қала күніне орай ұйымдастырылып, қонақтарға заманауи әрі тартымды алғашқы әсер қалыптастыруды мақсат етеді, деп хабарлайды QZ News.
Жаңартылған кіреберістің басты нышаны – «Ботай» ескерткіші болмақ. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, бұл таңдау кездейсоқ емес: ботай мәдениеті Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қалыптасқан, жылқы алғаш рет Айыртау ауданында қолға үйретілген. Бұл аймақтың тарихи-мәдени тұрғыдан маңыздылығын айқын көрсетеді.

«Жобаға сәйкес, кіреберіс аумақта орындықтар, көше шамдары, төбешіктер, тақтайша төсемі мен гүлзарлар орнатылады. Барлық жұмыстарды шілде айының басында аяқтау жоспарланып отыр», – деді Серік Мұхамедиев.
Қайта құру жұмыстарына байланысты ескі «Петропавл» стеласы да алынып тасталды. Бұған оның апатты жағдайы себеп болған.

«Металл элементтері толықтай тот басқан. Техникалық мүмкіндік болған жағдайда, стела қайта қалпына келтіріліп, бұрынғы орнына немесе Петропавл қаласының кіреберіс аймағының шетінде орнатылады», – деп толықтырды қала басшысы.
