ТЖД: Өрт көбіне сөндірілмеген темекі мен ұмыт қалған құрылғылардан шығады

Петропавлда құтқарушылар тұрғындардан түскен шақыруларға жедел әрекет етіп, өрттерді сәтті сөндіруде. СҚО ТЖД-де облыс орталығындағы өрттердің қазіргі ахуалы талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
СҚО ТЖД мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 65 өрт тіркелген. Тек өткен айдың өзінде қалада қоғамда үлкен резонанс тудырған бірнеше оқиға болды. Әлеуметтік желілерде Ж. Жабаев және Н. Назарбаев көшелеріндегі тұрғын үйлердегі өрт сәттерін куәгерлер түсірген бейнежазбалар тарап кетті. СҚО ТЖД өкілдерінің айтуынша, қайғылы жағдайға сөндірілмеген темекі себеп болған.
«Жамбыл көшесі, 123 мекенжайындағы тұрғын үйде СҚО ТЖД күшімен автосаты және баспалдақ арқылы 97 адам, оның ішінде 6 бала эвакуацияланды. Сондай-ақ Назарбаев көшесі, 123 мекенжайындағы тоғыз қабатты үйде 16 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылып, 23 адам эвакуацияланды. Өртті сөндіруге 11 техника және жеке құрамның 30 қызметкері жұмылдырылды», – деді Петропавл қаласы ТЖБ бастығы Ержан Шәріпов.
Өрт СҚО ТЖД қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы мен заманауи техникасының арқасында тез сөндірілді. Құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын да еске салды.
«Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдыруға болмайды – бұл қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жаз мезгілінде электрқұрылғыларды, оның ішінде шәйнектерді, кондиционерлерді, қуаттағыштарды тоққа қосулы күйде қараусыз қалдыруға болмайды. Саяжай аумақтарында да от жағуға тыйым салынады», – деп ескертті СҚО ТЖД.
