СҚО-да интернет-алаяқтардың халықаралық желісінің бес қатысушысы ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысының полициясы ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, интернет-алаяқтардың халықаралық желісінің бір буынын әшкереледі. Булаев қаласында жасы 19 бен 24 аралығындағы бес жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО ПД мәліметінше, Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді. Ол жәбірленушілерден түскен қаражатты “қолма-қол ақша аударумен” айналысқан төрт «дроповодтың» әрекетін үйлестіріп отырған.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың еліміздің әр өңірінде, соның ішінде СҚО-да жасалған сегіз эпизодқа қатысы бары анықталды. Келтірілген жалпы залал 38,5 миллион теңгені құрайды.
«Олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Интернет-алаяқтықпен күрес – «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудағы басым бағыттардың бірі», – деді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлнұр Ахмедьяров.

Тергеу ісі облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
