СҚО әкімі құрылыс саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің дамуына қосқан үлестерін атап өтті

Солтүстік Қазақстан облысында Құрылысшылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Өңір әкімі сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ғауез Нұрмұхамбетов құрылыс саласы өңір дамуының негізі екенін атап өтіп, мамандардың еңбегі арқасында өңірде маңызды жобалардың белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Соңғы жылдары облыста пайдалануға берілген бірқатар әлеуметтік нысандардың қатарында:
- 600 орындық «Жайлы мектеп» және 300 орындық түзету мектебі;
- дене шынықтыру-сауықтыру кешені;
- «Береке» шағын ауданында балабақша;
- 1200 орындық жатақхана;
- үстел теннисі орталығы;
- ауылдық жерлерде 38 фельдшерлік-акушерлік пункт пен амбулатория бар.

Қазір «Береке» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін «Жас Өркен» шағын ауданында мұз аренасы мен бассейні бар кешен және 280 орындық балабақша пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, облыста тұрғын үй құрылысының көлемі тұрақты өсіп келе жатқаны айтылды – жыл сайын 300 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға беріледі. Әкім бұл көрсеткіштің өңірдің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қосқан маңызды үлес екенін атап өтті. Саланың үздік өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының дамуына сіңірген еңбектері үшін марапатталды.

