Петропавлдық Роман Джантлеев кроссфиттен әлем чемпионы атанды
Роман Джантлеев кроссфиттен әлем чемпионы атанды. Азамат бокстан республикалық жарыстардың жүлдегері, самбо, армрестлинг және пауэрлифтингтен спорт шеберіне кандидат, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Кроссфит – әлсіздерге арналмаған спорт түрі. 2014 жылы Роман Джантлеев кроссфитке бет бұрды. Ол алты ай көлемінде үздіксіз жаттығу жасады. Шеберлігі шыңдалғасын басқа құрлыққа бағыт алды. Чемпион жаңа деңгейге шығуға кроссфит мүмкіндік бергенін айтады.
«Мен қандай да бір жаңашылдықты қалаймын. Жаттығулар әрқашан әртүрлі. Мұнда бәсекелестік рухы бар, дағдыларды дамыту, салмақпен жұмыс жасау, яғни өзіңді жан-жақты дамытасың. Бұл спорттың болашағы зор, өйткені мен оның Өзбекстанда, Еуропада, Америкада қалай дамып жатқанын білемін», – деді чемпион.