Айыртау аудандық соты кәмелетке толмаған балаға мұрагерлік құқығын алуға көмектесті

Айыртау аудандық соты мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап арызды қанағаттандырды. Істі Г. есімді әйел кәмелетке толмаған ұлының атынан берген, себебі оның бұрынғы күйеуі, Ресей азаматы, қаза тауып, отбасы бұл туралы білмеген, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Бұған дейін нотариус заңда белгіленген мерзім өтіп кеткендіктен мұрагерлікке құқық туралы куәлік беруден бас тартқан. Сотта әйелдің бұрынғы күйеуі әскери қызмет атқару кезінде қаза тапқандықтан, мерзімді өткізіп алудың себебі орынды екені дәлелденді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1072-3-бабына сүйене отырып, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтірді. Енді кәмелетке толмаған бала әкесінен қалған мұраны иелене алады.
