СҚО-да жыл басынан бері өрттен 17 адам мерт болды

2025 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 293 өрт тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға көп. СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің мәліметінше, тілсіз жаудан 17 адам көз жұмған, олардың үшеуі – бала. Тағы 27 адам жарақат алған. Көмірқышқыл газынан бір адам қаза тауып, 13 адам зардап шекті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы өңірде жалпы аумағы 329 гектарды қамтыған 39 дала өрті болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп (сол кезде бар-жоғы бір оқиға тіркелген).
«Дала өрттерінің ең көбі Тайыншы мен Ғабит Мүсірепов аудандарында тіркелді. Бұдан бөлек, шамамен 410 гектар аумақты қамтыған 220-дан астам құрғақ шөптің жануы және бір орман өрті болды.
Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында құрамында 359 адам бар 55 бірлескен мобильді топ құрылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушыларды анықтау бойынша 920 рейд өткізілді. Нәтижесінде 132 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды: оның ішінде 104-і – «ескерту», 28-і – жалпы сомасы 823 мың теңге болатын айыппұл түрінде», – деді СҚО ӨКҚ брифингінде Дмитрий Растихин.
15 тамызда басталған жылыту маусымына дайындық шеңберінде СҚО ТЖД әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне 820 рет тексеру жүргізді. 220 үйде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталды. Сонымен қатар 413 түтін мен газ датчигі орнатылып, 64 үйдің мұржалары тазартылды.
