«Өмірдегі басты жоспар – Олимпиадаға бару, әрі бір рет емес», – Анна Стратан болашақтағы жоспарымен бөлісті

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта Анна Стратанмен кездесу өтті. Спортшы Болгарияда өткен әйелдер күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Самоково қаласындағы жарыстан ол Петропавлға қола медаль әкелді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Спортшыны қолдау үшін СҚО мәдениет және спорт басқармасының басшысы, Мамлют ауданының әкімі және Аннаның жаттықтырушылары келді.
«Бұл – СҚО үшін үлкен қуаныш. Анна әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. Анна, сізді құттықтаймыз! Сіз Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын қорғадыңыз», – деп құттықтады СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Чемпионатта Аннаның қарсыластары 20 жасқа дейінгі спортшылар болды. Қиын белдесулерде тамаша техника көрсеткен Анна Стратан қолаға қол жеткізді. Үшінші орын үшін ол Швеция спортшысымен күресіп, 9:1 есебімен жеңді.
«Әрине, қиын болды. Әлі физикалық тұрғыдан шынығу керек деп ойлаймын. Бірақ бұл жастар арасындағы алғашқы жылым, әлі екі жыл бар. Сондықтан нәтижелер бұдан да жақсы болады», – деді Анна Стратан.

Мақсатқа жету мен табандылық Аннаның жетістікке жетуіне жол ашуда. Спортшы жеткен жетістігімен тоқтамай, алға жаңа мақсаттар қойып отыр.
«Өмірдегі ең үлкен жоспарым – Олимпиадаға бару, әрі бір рет емес. Қазір жастар ойындары күтіп тұр. Бірақ әуелі аздап демалып аламын», – деді спортшы.
