СҚО-да үш әкім мен мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақыты режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті өңірдің мемлекеттік органдарында жұмыс уақыты режимінің сақталуына талдау жүргізді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасының көптеген бұзушылықтары анықталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Талдау нәтижесінде бірқатар мемлекеттік органдарда қызметкерлердің белгіленген нормадан тыс демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылғаны анықталды. Сондай-ақ тәулігіне рұқсат етілген екі сағаттан асып кеткен артық жұмыс фактілері тіркелді.
«Анықталған заңбұзушылықтардың нәтижесінде үш аудан әкімі мен үш мемлекеттік орган басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі нормаларының сақталмауы негіз болды, бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 89-бабын бұзу болып табылады», – делінген хабарламада.
