Петропавлда жылу желілерінің жөндеу жұмыстары тексерілді

СҚО бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті «Петропавл жылу желілері» ЖШС нысандарына баспасөз турын және қоғамдық мониторинг өткізді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Баспасөз турына Тариф қалыптастыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық кеңес, саяси партиялар және БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар кәсіпорынның инфрақұрылымды жаңарту жоспарымен танысты.
2025 жылы инвестициялық бағдарламаға 908 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат екі негізгі жобаға бағытталады:
Ружейников көшесіндегі №6 жылу магистралін реконструкциялау. 2024–2026 жылдарға есептелген жоба аясында 1,7 шақырым құбыр жаңартылады. Биыл Гоголь көшесінен Халтурин көшесіне дейінгі 890 метр учаске жөнделмек. Жұмыстар 1 мамырда басталып, жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

№9 жылу магистралін реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу. 1979 жылы пайдалануға берілген бұл учаскенің тозу деңгейі жоғары. Құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары жоспарланған. Сонымен қатар кәсіпорын 80%-дан астам тозығы жеткен №3 және №8 жылу магистралдерін салу жобаларын әзірлеуді қолға алуды жоспарлап отыр.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженері Михаил Буландоның айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін инвестициялық бағдарламаның 100% орындалуы күтілуде.
