Петропавлда 155 шақырым жолды асфальттау жоспарлануда

Қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама аясында Петропавлда жолдарды салу және жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қала жолдарының жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды, оның 155 шақырымы – топырақ жол. Билік міндеті – оларды кезең-кезеңімен асфальттау, деп хабарлайды QZ NEWS.
Петропавл қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қала әкімі Серік Мұхамедияұлы биыл негізгі өтпелі жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Соның ішінде – “Жайлы мектепке”» баратын кіреберіс жол құрылысы (Малая көшесі). Сондай-ақ, жалпы құны 5,9 млрд теңгені құрайтын Универсальная көшесіндегі жол өткелі салынып жатыр. Нысанды 2025 жылдың қазан айына дейін аяқтау жоспарланған.
«Қ Байболов көшесінде Гагарин көшесінен өрт сөндіру депосына дейінгі жол құрылысы жүргізілуде. Фрунзе көшесінде – Береке шағын ауданындағы қозғалысты жеңілдету үшін жаңа магистраль жобалануда. Ал Қизатов көшесінде – жолды 4 жолаққа дейін кеңейту және инфрақұрылымын дамыту жобасы іске асырылуда», – деді қала әкімі.
Облыс орталығында орташа жол жөндеу де жүріп жатыр. Жұмыстар Шухов, Ауэзов, Мүсірепов және Пушкин көшелерінде, сондай-ақ Бірлік шағын ауданындағы 11 қиыршық тас жолда жүргізілуде. Жөнделетін көшелердің жалпы ұзындығы шамамен 7 шақырымды құрайды.
«2025 жылы жолдарды жазғы күтіп ұстауға 1,786 млрд теңге бөлінді. Ұзындығы 5,5 шақырым болатын 7 көшеде жұмыстар аяқталды – Кеншинбаев, Еңбек, Ауэзов, Батыр Баян, Васильев, Заводская, Егемен Қазақстан, Гагарин, Чайковский, Шажымбаев, Өндірістік және Қизатов көшелері. Тағы 30 шақырымды жөндеу жоспарлануда. 7 мың м² шұңқыр жөндеу орындалды, маусым соңына дейін тағы 14 мың м² жөнделмек. Жалпы ауданы 23 мың м² болатын жол таңбасы салынды, оның ішінде мектептер мен балабақшалар маңы бар», – деді қала әкімі Петропавл қалалық мәслихатының сессиясында.
