Ботаникалық бақ па, әлде жеке компания ма: Петропавлда ағаштарға күтім жасау мәселесіне шешім іздеуде

Петропавлда жасыл қорды дамыту жұмыстары жалғасуда. Көктемгі көгалдандыру шаралары аясында облыс орталығында 2 827 ағаш және 371 мың гүл отырғызылды. Жұмыстар шағынаудандарда, саябақтарда және скверлерде жүргізілді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Алайда Серік Мұхамедиевтің айтуынша, кейбір көшеттер жерсінбей қалған.
«Бірлік шағынауданында «Паралимпик» мердігері 1 272 ағаш отырғызды, оның 645-і жерсінбей қалды. Күзде компания көшеттерді ауыстыруға міндеттенді», – деді Петропавл әкімі.
Сонымен қатар Серік Мұхамедиевтің пікірінше, жасыл қорды күтіп-ұстау, бақылау және жаңарту бойынша қабылданып жатқан шаралар әзірге жеткіліксіз.
«Мүмкін шешім ретінде астаналық әріптестер арнайы басқарушы компания құру мәселесін қарастыруда. Ол компания бұл іспен тұрақты түрде айналысатын болады. Біздің қалада бұл функцияны маманданған кадрлары бар ботаникалық бақ өз мойнына ала алар еді. Бұл мәселені алдағы талқылауға шығару маңызды деп санаймын», – деді қала әкімі.
