Қазақстандықтардың банк шоттарындағы қаржыны салықшылар тексермек

Қазақстанда мемлекеттік кірістер органдарына қазақстандықтардың банк шоттарына қолжетімділік беру көзделіп отыр. Олар шоттағы қалдық пен қаражат қозғалысын біле алатын болады, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
ҚР Қаржы министрлігі банктерді өз клиенттері туралы белгілі бір мәліметтерді беруге міндеттейтін бұйрық жобасын әзірледі.
Егер бұйрық күшіне енсе, банктер мемлекеттік кірістер органдарына мына деректерді беруге міндетті болады:
- шоттардың бар екені және олардың нөмірлері туралы;
- ақша қаражаттарының қалдығы мен қозғалысы туралы;
- несиелер туралы;
- 20 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары (2025 жылы – 78 640 000 теңге) мүлік сатып алғандардағы қаражат қалдығы мен қозғалысы туралы.
Бұл норма активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысаны), сондай-ақ кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысаны) тапсыруға тиіс азаматтарға қатысты болмақ. Бұған дейін біз 2025 жылы кімдерге салықтық есептілікті тапсыру қажет екенін егжей-тегжейлі жазғанбыз.
Жаңа ережелер азаматтардың табысы мен мүлкін тексеруді жеңілдетіп, әділ салық салуды қамтамасыз етуге, бюджет кірісін арттыруға және көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған. Қазір бұйрық жобасы 2025 жылғы 9 қыркүйекке дейін жалғасатын ашық талқылау кезеңінде тұр.
