Петропавлда ҚР Конституциясы күні аталып өтті

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.

Ғауез Нұрмұхамбетов Конституция елді қуатты, тұрақты және құрметке ие мемлекетке айналдырып, оның дамуына берік негіз қалағанын атап өтті.
«Еліміздегі конституциялық негіздерді нығайту жолындағы маңызды оқиға – Мемлекет басшысының бастамасымен өткен 2022 жылғы бүкілхалықтық референдум болды. Сол кезде қабылданған өзгерістер азаматтық қоғамның рөлін арттырып, дамудың жаңа бағыттарын айқындады. Жаңартылған конституциялық нормаларға сүйене отырып, Солтүстік Қазақстан облысы тұрақты өсім көрсетуде. Халықтың өмір сүру сапасы артып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамалар дәйекті түрде жүзеге асуда», – деді СҚО әкімі.

Іс-шара аясында ел мен өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан 29 солтүстікқазақстандық марапатталды, сондай-ақ облыс тұрғындарының бірқатарына алғыс хаттар мен грамоталар табыс етілді. Театр сахнасында өңірдің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
