СҚО-да жалған нөмір таққан жүргізуші үш тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды

Мағжан Жұмабаев атындағы аудандық соты жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін қолдану ісі бойынша шешім шығарып, құқық бұзушыны қамауға алып, жүргізуші құқығынан айырды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Азамат П. көлікті әдейі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотта ол кінәсін толық мойындады. Белгілі болғандай, ер адам Ресейде тіркелген автокөлік сатып алып, оны Қазақстанда есепке қоюға үлгермеген. Күдік тудырмас үшін ол көлікке өз ескі машинасынан қалған қазақстандық нөмірді орнатқан. Бұзушылықты шекара қызметінің қызметкерлері анықтады.
«Істі қарау қорытындысы бойынша сот азамат П.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған үш тәулікке әкімшілік қамау және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
