Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » «Солнечный дом» тәрбиеленушілері Түркияда өткен жарыста 15 медаль иеленді

«Солнечный дом» тәрбиеленушілері Түркияда өткен жарыста 15 медаль иеленді

August 20, 2025 09:36

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Солнечный дом» қорының алты тәрбиеленушісі Ыстамбұлда өткен түркі елдерінің халықаралық жарысына қатысты. Чемпионатта өнер көрсеткен Валерия Казацкая, Виктория Гриб, Алиса Делль, Рустам Есимов, Айя Әбілқасым және Дильназ Байқадамова жеңіл атлетика мен теннис бойынша 15 жүлде алып, үлкен жетістікке жетті, деп хабарлайды QZ NEWS.

Чемпионат 9–14 тамыз аралығында Ыстамбұлда өтті. Балалардың басты мақсаты – спорттық шеберліктерін ғана емес, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты дәрежеде таныстыру болды. Көрсетілімдерден бастап теңіз жағалауындағы демалысқа дейін – Түркияда өткен жарыс күндері мазмұнды әрі пайдалы өтті. Қордың негізін қалаушы Татьяна Делльдің айтуынша, Ыстамбұлдағы әр сәт балалардың жүрегінде ұзақ сақталды.

«Алғашқы күні біз Даун синдромы бар адамдардың футболдан көрсетілім ойынын тамашаладық. Екінші күні – салтанатты ашылу рәсімі мен жеңіл атлетика. Үшінші күні – үстел теннисі. Келесі күндері – таза ауада пикник өтті. Балалар бірге көңіл көтеріп, кейін серуенге катерге шықтық. Ал соңғы күні қазақстандық команда болып теңіз жағалауына баруды жөн көрдік», – деді Татьяна Делль.

Балалар мен ата-аналары үшін өзге елдің спортшыларымен танысу да құнды тәжірибе болды.

«Бұл – біздің балаларды жақсы көріп, түсінетін, мүмкіндіктерін шектемейтін жылы ортаға түскендей әсер қалдырды. Бізді ең қатты таңқалдырғаны – түрік спортшыларының дайындығы. Нағыз үздіктерді көрдік. Жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз өзге елдердің өкілдерімен де сөйлестік, оларда да турнирлер мен шығармашылық байқаулар өтеді екен. Соларға да қатысып көруді ойлап отырмыз», – деп бөлісті ол.

«Солнечный дом» қорының атынан Татьяна Делль қажетті қаражат жинауға көмектескен барлық жанашыр азаматтарға алғысын білдірді. Айта кетсек, бұған дейін ұшақ билеттеріне қаражат жинау мақсатында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, нәтижесінде 3 миллион теңге жиналған еді. Енді қор белсенділері мемлекет тарапынан қолдау болып, жаңа спорттық белестерді бағындырып, Қазақстанның атын халықаралық деңгейде шығаруға мүмкіндік берілсе дейді.

Shares