Петропавлда флористика бойынша тегін курс басталды

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан келген мамандар үшін флористика бойынша тегін курс іске қосылды. Жобаға «Болашақ» корпоративтік қоры, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Весна» студиясы және Креативтік орталық қолдау көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Сабақтар екі күнге жоспарланған. Осы уақыт ішінде қатысушылар флористиканың негізгі дағдыларын меңгеріп, өсімдіктермен жұмыс істеуді, үйлесімді композициялар жасауды және түстерді дұрыс үйлестіруді үйренеді. Нәтижесінде Креативтік орталықтың кеңістігі өзгеріп, нағыз гүлзар баққа айналмақ.

«Весна» студиясының негізін қалаушы Елена Семидоцких бұл курстың жаңа дағдылар алуға ғана емес, сонымен қатар шығармашылық әлеуетті ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Біз флористика – бұл талғам, бұл қарапайым дүниеден көз тартар сұлулық жасай білу деп білеміз. Біздің курс – аудандардан келген жас шеберлер үшін өз талантын ашуға, тәжірибелік дағдылар алуға және өз күшіне сенімділік сезінуге тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар, ортақ кеңістікке сұлулық сыйлау жолы, – деді Елена.
