Рөлде отырып тамақ жеуге бола ма және бұл үшін айыппұл салына ма
August 5, 2025 11:17

Көз алдыңызға елестетіңіз: сіз асығып бара жатырсыз, қарныңыз аш, ал межелі жерге дейін әлі ұзақ жол бар. Бутерброд немесе не йогурт жеу зиянсыз әрекет сияқты. Бірақ бұл қаншалықты қауіпсіз?
Қазақстанда, көптеген елдердегідей, рөлде отырып тамақ жеуге тікелей тыйым салынбаған. Бұл дегеніміз, қолында бутерброд не кофесі бар жүргізушіге инспектор айыппұл сала алмайды, деп хабарлайды QZ news Tengri Auto сайтына сілтппе жасап.
Алайда, Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жолдан алаңдататын кез келген әрекет апат қаупін арттырады.
«Егер жүргізуші рөлде отырып тамақ жесе немесе су ішсе, оның назары бөлінеді. 5–10 минутқа тоқтап, асықпай тамақтанып алған әлдеқайда дұрыс. Бұл — әрі өз қауіпсіздігі, әрі жолдағы өзге азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды», — дейді комитет өкілдері.
Заңда нақты тыйым болмағанымен, кейбір жағдайларда айыппұл салынуы мүмкін. Егер рөлде отырып тамақтану жол жүру ережесін бұзуға (мысалы, қарсы жолаққа шығу немесе кенет тежелу) себеп болса, инспектор айыппұл жаза алады. Бірақ бұл жағдайда айыппұл бутерброд үшін емес, жол ережесін бұзғаны үшін салынады.
Әрине, бірінші кезекте ойға келетін нәрсе — телефон қолдану. Бүгінде рөлде отырып телефон не рация қолдану үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады — бұл 19 660 теңге. Егер бұл әрекет жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК (яғни 39 320 теңге) болады.
Сонымен қатар, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін де айыппұл бар. Қазақстанда белдік тақпаған жүргізушіге де 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл қарастырылған. Бұл талапты қайта бұзу жағдайында айыппұл көлемі екі есе артады.
