СҚО-да «Ұлы дала астығы – 2025» атты Дала күні өтті

Мамлют ауданына қарасты Менкесер ауылында «Мамбетов и К» ЖШС базасында «Ұлы дала астығы – 2025» атты Дала күні өтті. Шара алдағы Солтүстік Қазақстан облысындағы егін жинау науқанына дайындықтың негізгі аспектілеріне арналды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, ғылыми орта өкілдері, аграрлық кеңестің мүшелері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, мемлекеттік органдар мен Ресей Федерациясынан келген әріптестер қатысты.

Биыл солтүстікқазақстандық диқандар 4,3 млн гектар алқаптан өнім жинауы тиіс. Оның 3 млн гектарын – дәнді дақылдар, ал шамамен 1 млн гектарын – майлы дақылдар алып жатыр. Ауа райының қолайлы болуы мен жүйелі дайындық нәтижесінде мол өнім күтілуде.
Басты дайындық шараларына мыналар жатады:
- Себу алқаптарын әртараптандыру;
- Әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемін ұлғайту;
- 340 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу;
- Тұқым мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту.
Бүгінде өңір элеваторлары жаңа өнімді қабылдауға толық дайын.
Дала күні барысында қатысушылар агроөнеркәсіп кешеніндегі соңғы жетістіктермен танысты. Көрмеде заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, тәжірибелік сорттық алқаптар мен селекциялық әзірлемелер ұсынылды. Сонымен қатар тұқым, тыңайтқыш және өсімдікті қорғау құралдарын өндіруші компаниялар өз өнімдерін таныстырды.

Ауыл шаруашылығын тиімді жүргізіп, өнім шығынын азайтуға бағытталған нақты шешімдерге ерекше көңіл бөлінді.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз әлеуметтік желісінде «Ұлы дала астығы – 2025» іс-шарасының Солтүстік Қазақстан облысының еліміздің аграрлық секторындағы жетекші рөлін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. Бұл жиын тәжірибе алмасу, инновацияны енгізу және ресейлік әріптестермен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды. Мұның барлығы агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға тың мүмкіндіктер ашады.

