Шекарасыз шығармашылық: СҚО-дағы түзеу мекемесінде Абайдың 180 жылдығына арналған айтыс өтті

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №48 мекемесінде ерекше мәдени іс-шара өтті. Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай мұнда айтыс ұйымдастырылды. Сахна төрінде өңірге танымал ақындармен бірге сотталғандар да өнер көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Шығармашылық сайысқа өңіріміздің танымал айтыскер ақындары Жұмабек Рахимов пен Диас Аяған және Дамир есімді сотталушы қатысты. Ол бостандықта болғанда айтыскер болған. Оның сахнаға оралуы – қандай жағдай болмасын, өнердің адамға өзін жоғалтпай, рухани тұғырын сақтауға көмектесетінінің айғағы болды.
Қатысушылардың өнерін мәдениет саласының өкілдері, ардагерлер мен қоғам белсенділері бағалады.
Айтысқа қатысқан барлық ақындар жоғары деңгейдегі шеберлікті, шынайылықты және Абай мұрасына деген терең құрметті көрсетті. Іс-шара соңында қонақтар мен қатысушыларға белсенділігі мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс хаттар табысталды. Айтыс ұлы ақынға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге руханият пен мәдениеттің адамдарды біріктіріп, игілік пен дамуға бастайтын жол екенінің жарқын мысалына айналды.
