Солтүстікқазақстандық өндірушілер жергілікті брендтерді қалай дамытып, нарықты қалай бағындырып жүр

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дәстүрлі «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. Биылғы жылы көрмеге қала мен ауданнан келген 32 тауар өндіруші қатысты. Іс-шара қала күніне орайластырылып, мерекелік атмосферада өтті, деп хабарлайды QZ News.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік бөлімшелері үшінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеді. Жобаның мақсаты – жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдерді дамыту және ілгерілету, бәсекеге қабілетті өңірлік брендтер қалыптастыру. Жобаның негізінде жапондық жергілікті даму үлгісі жатыр.
«Жыл сайын бұл жобаға қатысушылар санының артып келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта жәрмеңке павильондары Қазақстан Конституциясы көшесінің бойын түгел қамтиды деп сенемін», – деді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамшутдинов.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин жобаның басты мақсаты – өңірлік ерекше өнімдерді анықтап, жергілікті брендтерді қалыптастыру екенін еске салды.

«Көрменің алғашқы жылы бар болғаны 16 қатысушы болса, былтыр – 24, ал биыл 32 кәсіпкер өз өнімін ұсынды. Қатысушылар қатарында қала тұрғындары да, ауыл кәсіпкерлері де бар. Олар сүт, ет, бал, наубайхана және кондитерлік өнімдер, ұлттық үлгідегі киім мен тоқыма бұйымдар, ағаштан жасалған заттар мен кәдесыйлар және басқа да өнімдер өндіріп отыр», – деді Есжан Оразалин.
Көрменің құрметті қонақтарының бірі – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов болды. Ол көрме павильондарын аралап, кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты. Тайыншы ауданынан әкелінген қымыздан да дәм татты.
Ғ. Мүсірепов ауданының 29 жылдан бері ара шаруашылығымен айналысып келе жатқан кәсіпкері Лилия Щуцкая көрмеге түрлі бал өнімдерін алып келді.

«Біз «БАБӨ» (Бір ауыл – бір өнім) көрмесіне алғаш рет қатысып отырмыз. Күнбағыс, рапс, қарақұмық, орман гүлдерінен алынған бал түрлерін алып келдік. Үздік ондыққа енуден үміттіміз», – дейді Лилия Щуцкая.
Келушілердің қызығушылығын тудырған кәсіпкерлердің бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка ауылынан келген Эдуард Ульман болды. Ол жұбайы Натальямен бірге 7 жылдан бері сарымсақ өсірумен айналысып келеді.

«Маған 71 жас, осы 7 жылда ауырған емеспін. Өйткені өз өндірісімізден шыққан ферменттелген сарымсақты пайдаланамын. Оның әр дәріханада сатылуы керек деп ойлаймын. Біз экологиялық таза, бірінші репродукциялы сарымсақ өсіреміз. Тіпті Шемонаиха қаласы бізден 400 келі тұқымдық сарымсақ сатып алды. Тәжікстанға да жібердік. Қазақстанның барлық аймағына, сондай-ақ Красноярскіден Германияға дейін, Ресейдің 52 аймағына сарымсақ тұқымын жөнелтеміз. Жылына 4 тоннаға дейін сарымсақ өсіреміз. Қазір екінші кезеңге өттік – сарымсақтан дайын өнімдер жасау. 20-ға жуық өнім түрін шығарғымыз келеді, оның ішінде емдік қасиеті барлары да бар. Бүгін көрмеге 10 түрін алып келдік: салаттар, жастық шақ эликсирі, сарымсақ тұздығы, шайға қосылатын түрлері және т.б.», – деді Эдуард Ульман.
Көрме қорытындысы бойынша үздік ондық анықталып, олар жобаның екінші кезеңіне өтеді.
