СҚО-ның 37 оқушысы астаналық жаттықтырушылармен олимпиадаға дайындалуда

Жаңа оқу жылы енді ғана басталғанымен, СҚО оқушылары жеңістерге бағыт алып отыр. «Серебряный бор» лагерінде 37 дарынды жасөспірімге арналған оқу-жаттығу жиыны өтуде. Олар жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиадаларға дайындалып жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жиынға 8–11 сынып оқушылары қатысуда. «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Габдуллинаның айтуынша, олардың қатарында Петропавл мен облыс аудандарынан келген өткен жылғы олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Биология, химия, математика және география пәндері бойынша дәрістерді астаналық EDLIGHT ACADEMY білім беру компаниясының тәжірибелі жаттықтырушылары өткізуде. Қиын есептерді шешуден бөлек, оқушылар тұлғалық қасиеттерді дамыту және командада жұмыс істеу дағдылары бойынша тренингтерге қатысуда.
«Бұл – мұндай жиынды өткізуіміздегі алғашқы тәжірибеміз. Біз осы олимпиадалық резервпен әрі қарай да жұмыс істейміз, соның ішінде онлайн форматта да. Қазір университетпен келіссөздер жүргізіп жатырмын, күзгі демалыста зертханаларда практикалық сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Бақыт Габдуллина.
Үш күндік жиын барысында ұйымдастырушылар балалардың қажеттіліктері мен қиындықтарын зерттеп, алдағы уақытта жеке дайындық бағдарламасын жасауды көздеуде. Тығыз кестеге қарамастан, оқушыларда демалуға да, қарым-қатынас жасауға да уақыт бар. Олар волейбол, футбол, шахмат ойнап, кешке шығармашылық және зияткерлік шараларға қатысады.
