Қазақстанда тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді тоқтату ұсынылды

Қазақстанда тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауды тоқтату мәселесі талқылануда. Мұндай шара мемлекеттің бюджетіне оң әсерін тигізеді деп күтілуде, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
«Ашық НҚА» порталында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске бірқатар өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасына арналған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын жариялады. Құжатта, басқа мәселелермен қатар, қандай да бір себеппен тіркеуі жоқ немесе оны растай алмаған азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді тоқтату идеясы қарастырылған.
Қазіргі уақытта елде шамамен 100 мыңдай тұрақты тіркеуі жоқ, тағы 28 мың азаматтың тек уақытша тіркеуі ғана бар екені анықталған. Осыған байланысты азаматтарға мониторинг жүргізіп, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі болмаған жағдайда, мән-жайды анықтағанға дейін зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін уақытша тоқтата тұру ұсынылады.
«Бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін (оның ішінде жасына байланысты, еңбек сіңірген жылдарына байланысты, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және мемлекеттік жәрдемақыларды) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратыны расталмаған тұлғаларға тоқтата тұру ұсынылады», – делінген министрліктің құжатында.
Авторлардың пікірінше, мұндай шаралар бюджет шығынын оңтайландыруға әсер етеді, алайда басқа елде ықтиярхатпен тұратын кейбір зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың наразылығын туғызуы мүмкін. Айта кету керек, бұл консультативтік құжат заң күші жоқ, яғни оның талқылануы Әлеуметтік кодекске бірден өзгеріс енгізбейді. Мұндай түзетулер күшіне енуі үшін бөлек заң қабылдануы қажет.
Еске сала кетсек, Қазақстанда азаматтың банктік шоты бірнеше ай бойы белсенді пайдаланылмаса, зейнетақы төлемдерін тоқтату тетігі де қарастырылған.
