Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Kozybayev University халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде: EASYDANISMANLIK компаниясымен келісімге қол қойылды

Kozybayev University халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде: EASYDANISMANLIK компаниясымен келісімге қол қойылды

September 8, 2025 15:17

Kozybayev University халықаралық студенттерді рекрутингпен айналысатын Әзербайжанның EASYDANISMANLIK компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде компания Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Молдова, Малайзия, Тәжікстан, Африка елдері және басқа да мемлекеттерден студенттерді оқуға тартып отыр. Қазіргі таңда Kozybayev University-де 16 мемлекеттен келген студенттер білім алуда. Академиялық үдерістің интернационалдануына АҚШ-тың Аризона университетімен стратегиялық әріптестік жобасы үлкен үлес қосты.

Биыл бірлескен қос дипломды бағдарламаларға АҚШ, Моңғолия және Қытайдан студенттер қабылданды. ҚХР-дың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен тығыз ынтымақтастықтың арқасында студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігі қарқынды дамып келеді. Осы семестрде Петропавлға 29 қытайлық студент келіп оқуға кірісті. Сондай-ақ, Козыбаев университетінің магистратура бағдарламалары да ғаламдық сипат алуда.

Биыл «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» бағдарламасы бойынша университетке Оңтүстік Кореяның 42 жастағы азаматы түсті. Kozybayev University өңірде білім беру туризмін одан әрі дамытуға ниетті. Ол үшін кампус тұрақты түрде жаңғыртылып, жаңа студенттік жатақханалар, оқу-зертханалық корпус, ғылыми орталықтар ашылуда.

«Университет жаңа шетелдік студенттерді қабылдауға дайын. Біз ашықпыз, барынша жайлы жағдай жасаймыз. Мұнда олар өздерін үйіндегідей сезінетін болады! Жаңа жатақханадан тұруға 25% жеңілдік беруге әзірміз», – деді Басқарма төрағасы–ректор Ербол Исақаев.

EASYDANISMANLIK компаниясының директоры Мутлу Агазада Козыбаев университетінің экономика бағыты бойынша докторантурасына осы семестрде-ақ Әзербайжаннан бір докторант түсуге дайын екенін айтты. Ал келесі жылдан бастап шетелдік студенттерді рекрутингтеу жұмыстары басталмақ.

Shares