Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда «Ардагер өсиеті» марафоны аясында өсиет хат қабылданды

Петропавлда «Ардагер өсиеті» марафоны аясында өсиет хат қабылданды

September 5, 2025 09:35

Солтүстік Қазақстан облысына «Ардагер өсиеті» республикалық марафоны аясында өсиет хат табысталды. Бұл бастама Жеңістің 80 жылдығына орай еліміздің барлық өңірінде өткізілуде, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Ардагер өсиеті» атауы «Ардагердің өсиеті, аманаты» дегенді білдіреді. Акцияның басты мақсаты да осы – тарихи мұраны сақтап, қазақстандықтардың бейбіт болашағы үшін жанқиярлықпен күрескен ел қаһармандарын ұлықтау.

Солтүстікқазақстандықтар хатты Павлодар облысынан қабылдап алды. Оны жастар бастамаларының даму орталығының директоры Нариман Үскенбаев өңірге жұмыс сапары аясында жеткізді. Петропавлда павлодарлық қонақтарды Жастар ресурстық орталығының өкілдері, еріктілер және қала тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды. Мұндай шаралар азаматтарды біріктіріп қана қоймай, ата-бабалардың ұлы ерліктерін еске салады.

«Бұл – аса әсерлі әрі терең мағыналы бастама. Өсиет хат эстафетасын қабылдай отырып, біз тарихтың тамырын сеземіз. Біз, Солтүстік Қазақстан жастары, бұл хатты зор құрметпен әрі ризашылықпен қабылдаймыз. Ол бізге бостандық, бейбітшілік пен бірліктің – жай берілген құндылықтар емес, ұлы еңбек пен ерліктің нәтижесі екенін еске салады. Жобалар, еріктілер бастамалары, патриоттық акциялар арқылы біз жастардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілікті, соғыссыз өмір сыйлағандарға деген алғысты сақтауға тырысамыз», – деді қоғамдық даму және ақпараттық орталығы бөлімінің басшысы Анастасия Волкова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысушылар үшін хат – жай ғана құжат емес, ол – өсиеи пен сабақтастықтың шынайы символы. Өсиет хаты өңірлер бойынша өз сапарын жалғастырады: Петропавлдан кейін ол Қостанай облысына жеткізіледі.

Shares