«Тылсым дауыстар»: Петропавл қандай тылсым әңгімелер мен аңыздарымен танымал

Әр қаланың өзіндік қызықты тарихы бар – тек шынайы ғана емес, сонымен бірге тылсым сырға толы. Петропавл да бұл тұрғыдан тыс қалмайды. Өйткені тылсым құбылыстар мен елестер жайлы әңгімелер әрқашан қызықтырады. Бірақ олардың аңыз бен ауыздан-ауызға таралған әңгімелер екенін естен шығармаған жөн. QZ NEWS редакциясы бүгін сіздерді куәгерлердің өздері айтқан әрі қала тұрғындары әлеуметтік желілерде бөлісетін оқиғаларымен таныстырмақ.
Су мұнарасындағы рухтар

Қаладағы ең танымал әңгімелердің бірі – Амангелді көшесі, 147-үйдегі су мұнарасындағы елестер туралы. Айтуларынша, кезінде дәл осы мұнараға Колчактың атақты алтыны жасырылған-мыс. Жылдар бұрын онда күрделі жөндеу жүргізілгенде, қазына табылмаған. Бірақ құрылысшылар түрлі түсініксіз оқиғаларға куә болыпты. Жарық өздігінен қосылып, заттар жоғалып, ал жоғарғы қабаттардан аяқ дыбысы естілген. Тіпті суланған іздер пайда болып, кейін ғайып болып, қайтадан есік маңында көрінген жағдайлар орын алған.
Елес-автомобиль

2012 жылдың қаңтарында жылдамдық өлшегіш камералар түсініксіз бір заңбұзушыны тіркеген. Полицейлердің қолында сурет бар, бірақ шындығында машинаны ешкім көрмепті. Датчиктер оның жылдамдығын сағатына 80 шақырым деп белгілеген. Камералар жүргізуші мен нөмірді түсіруі тиіс еді. Бірақ нәтижесінде тек жалпы сұлба ғана қалған. Сырттай ол алғашқы көліктер мен спорттық баггидің қоспасына ұқсапты.
«Мен ондай машиналарды тек теледидардағы боевиктерден көргенмін. Қолдан жасалғаны анық, бірақ жылдамдығы жаман емес – 76,4 шақырым, ал ол жерде шектеу 60 шақырым болатын», – дейді СҚО ІІД жол-патрульдік полициясының аға инспекторы Қуаныш Жұмағұлов.
Н.Погодин атындағы драма театрдағы тылсым құбылыстар

Николай Погодин атындағы орыс драма театры – тек қалада ғана емес, елдегі ең көне театрлардың бірі. Ол бірнеше мәрте орнын ауыстырған. Бұрын, 1870 жылдан бастап, қазіргі театр орнында Вознесенск соборы тұрған. 1930 жылдары ол жабылып, кейін жермен-жексен етіліп, орнына театр салынған.

Тылсым жайттарды тек театр қызметкерлері ғана біледі. Көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандардың өзі логикалық тұрғыдан түсіндіре алмайтын жағдайларға кезігеді. Мәселен, қойылымдар кезінде, тіпті премьераларда да түсініксіз оқиғалар болып тұрады. Театр әртісі Виталий Алфимов 2005 жылы Виктор Григорьевич Шалаев «Белкин повестері» спектаклін қоюды жоспарлаған кезде болған қиындықтарды еске алады.
«Бізде ештеңе шықпады. Ал қойылымның өзі де бір тылсым дүниелерге негізделген еді. Біреу қарсы тұрғандай сезілді. Репетиция кезінде біреу қайтыс болды, біреу ауырып қалды, енді бірі аяғын сындырып алды. Ақыры түсініксіз жағдайларға байланысты қойылымнан бас тартуға тура келді», – дейді ол.
Кейде актерлер грим бөлмесінде отырғанда есіктер тарс жабылып қалады, бірақ ол кезде не жел, не есік жабар адам болмайды. Тек актерлер ғана емес, театрдың техникалық қызметкерлері де елестерді көріп, түсініксіз дыбыстар еститінін айтады. Таңертең ерте жұмысқа келіп, грим бөлмелерін жуатын еден тазалаушылар да әрдайым дәлізде біреудің жүргенін естиді, бірақ ол уақытта қабатта олардан басқа ешкім болмайды.
Ақ көйлекті қыздар

СКУ университетіне жақын орналасқан Студенттік аллея мен жатақханаға апарар жол баяғыдан бері өзінің құпиялы атмосферасымен белгілі. Студенттер арасында көп жыл бұрын бұл аллеяда бір қыз қаза тапқан сұмдық қылмыс болған деген әңгіме тараған. Жергілікті аңыздарға сенсек, бейшара қыздың рухы әлі күнге дейін түнде кезіп жүреді екен. Алайда оны тек жас жігіттер ғана көре алады-мыс.
Көпқабатты үйлердегі «барабашкалар»

Қаланың кейбір көпқабатты үйлері де тылсым құбылыстарымен белгілі. Мәселен, кіреберістерде әйнектер өздігінен сынған, пәтерлердің есіктері ешбір адамның көмегінсіз айқара ашылып, тарс жабылған. Мұндай үйлер аз емес. Көпшілік мұны қаланың кей аудандары бұрынғы зираттар мен бауырластар қабірінің орнында салынғанымен байланыстырады. 2023 жылы «Қарасай» стадионын қайта жөндеу кезінде сондай жердің бірі табылған болатын.
