Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Франшиза арқылы жеке бизнес: СҚО кәсіпкерлеріне мүмкіндіктер таныстырылды

Франшиза арқылы жеке бизнес: СҚО кәсіпкерлеріне мүмкіндіктер таныстырылды

September 3, 2025 13:11

Петропавлда бизнесті дамыту мен кеңейтудің құралы ретінде франчайзингке арналған кездесу өтті. Шараны Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы (ОАФҚ) «Атамекен» ҰКП және Respublica партиясының қолдауымен ұйымдастырды. Оған ондаған жергілікті кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі атап өткендей, бұл кездесу – бүкіл елді қамтитын үлкен республикалық турдың бір бөлігі. Петропавл – осы турдағы 15-ші қала. Мұнда саладағы жетекші сарапшылар, соның ішінде ОАФҚ төрағасы және «Lanzhou» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майгарина мен оның орынбасары, FranchDay компаниясының басшысы Сейсенғали Қалиақпаров тәжірибелерімен бөлісті.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақовтың айтуынша, мұндай іс-шаралар жергілікті бизнестің жаңа деңгейге шығуына көмектеседі. Сарапшылар франчайзингтің нақты мүмкіндіктері туралы айтып, жиі кездесетін қателіктерді талдап, халықаралық нарыққа шығуға қатысты практикалық кеңестер берді.

Гүлбану Майгарина франчайзингтің табысты бизнес-модельдерді таратуға арналған қуатты құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда мықты брендтер көп, бірақ олардың барлығы бірдей кең тарауды білмейді. Ал Сейсенғали Қалиақпаров ұлттық брендтердің әлемдік нарыққа шығуы үшін мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «KazBrand» байқауы тудырды. Ол тур аясында өтуде және кәсіпкерлерге құны 7 миллион теңгеден асатын дайын франшизаны тегін алуға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар бір жыл бойы сарапшылардың қолдауын, даму стратегиясын және ілгерілету бойынша көмекті иеленеді. Байқауға 13 қыркүйекке дейін тіркелуге болады.

Кездесуге қатысушылар мұндай шаралар мен «KazBrand» байқауы жас және тәжірибелі кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Олар бұл қолдау бизнестерін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деген сенім білдірді.

«Мен Петропавлда косметологиялық және патологиялық қызмет көрсетемін, СПА-кабинетім бар. Бұл кездесуге франчайзингтің мүмкіндіктері жайында осы саланың жетекші сарапшыларынан, Гүлбану Майгарина сияқты ауқымды кәсіпкерлерден көбірек білу үшін келдім. Осы жерден болашақта Қазақстан бойынша бизнесімді кеңейтуге қажет көп инсайт аламын деп сенемін. Астанада СПА-кабинет ашуды қатты армандаймын», – деді жеке кәсіпкер Мадина Қабаева.

Shares