Президент Жолдауы СҚО әкімдігінде талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді талқылауға және іске асыруға арналған кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесуге қатысушылар СҚО-ның экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өңірлердің инвестициялық тартымдылық индексін енгізу қажеттігі айтылды.

«Бұл біз үшін тек сын-тегеурін ғана емес, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті өңір бола алатынын дәлелдеудің мүмкіндігі. Біз инфрақұрылымды белсенді дамытуды, бизнес жүргізу жағдайын жақсартуды, инвесторларды қолдау шараларын жүйелеуді жалғастырамыз. Сондай-ақ АЭА мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын күшейтіп, оны даму институтына айналдыруға күш саламыз», – деді СҚО әкімі.
Жиында өңірдегі инфляцияны төмендету шаралары да талқыланды. Оның ішінде – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына мониторинг жүргізу, сауда желілерімен меморандумдар жасау бар.
Талқылау барысында жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән берілді. Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда Жасанды интеллект министрлігін құру жоспарлануда. Жалпы цифрландыру барлық мемлекеттік органдарды және салаларды қамтуы тиіс. Бүгінде мұндай технологиялар агроөнеркәсіп кешенінде, денсаулық сақтауда, білім беруде, көлік пен ТҮКШ саласында қолданылады.
Өңірлік IT-хаб базасында кадрлар даярлау және заманауи технологияларды танымал ету жұмыстары жүргізілуде. Болашақта жасанды интеллект экология, қала құрылысы және қалалық инфрақұрылымды басқару салаларында кеңінен қолданылмақ. СҚО-да жобаларды іске асыру өңдеуші өнеркәсіпке басымдық бере отырып күшейтіледі. Сонымен қатар, өңірдің инвестициялық картасы іске қосылады. Оның негізінде AI әлеуетті нишаларды талдауға және инвестицияға сұраныс қалыптастыруға пайдаланылатын болады.

«Біз өңірдің цифрлық даму стратегиясын әзірлеп, ведомствоаралық цифрлық архитектура құрамыз. Облыста жасанды интеллектті қолданатын бірқатар жобалар іске асырылып жатыр, оның ішінде «Ақылды қала» аясында. Энергоресурстарды цифрлық есепке алудан бастап, бейнебақылау жүйелеріне, медицина мен білім беру саласындағы электронды сервистерге дейін 30-дан астам жоба жүзеге асуда», – деді цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров.
Жолдауда аграрлық секторды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағыт СҚО-да белсенді түрде іске асырылып келеді. Кездесуде соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы саласында 28 кәсіпорын қаржыландырылып, 1150-ден астам жұмыс орны ашылғаны және 89 млрд теңге инвестиция тартылғаны атап өтілді.
«Аграрлар өндірістің барлық кезеңінде цифрландыру мен AI элементтерін қолдануда. Бұл – GPS-навигация, техниканы автопилотпен басқару, дрондар, егістік алқаптарының цифрлық картасы, мал денсаулығын бақылау жүйесі. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мақсатында жалпы құны 112 млрд теңге болатын 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде», – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов.

Қауіпсіздік пен қоғамдық келісім – мықты мемлекеттің берік негізі ретінде аталды. Өңірде «Заң және тәртіп» қағидаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді және бұл жұмыс жалғасын табады.
«Солтүстік Қазақстан облысы уақыт талабына сай жаңа сын-тегеуріндер мен міндеттерге дайын. Өңір ұлттық басымдықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға және елдің тұрақты әрі технологиялық дамуына белсенді атсалысуға ниетті», – деді облыс әкімі.
