Петропавл тұрғыны «Мәңгілік алау» мемориалында, аулалар мен гараждарда есірткі жарнамалағаны үшін 10 жылға сотталды

Петропавлда тыйым салынған заттардың таралуына қарсы бағытталған «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы өтті. Шара қала прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылды. Акция барысында есірткі қолдануға үгіттейтін жарнамалық граффити мен жазулар анықталып, жойылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Петропавл прокуратурасы полиция және еріктілермен бірлесіп «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Оның басты мақсаты – есірткі жарнамасын дер кезінде анықтап, жою. Көп жағдайда жастарды тыйым салынған заттарға граффити арқылы шақырады. Мұндай жазулар тұрғын үйлердің қабырғаларында ғана емес, қаланың мәдени-тарихи ескерткіштерінде де кездеседі. Прокуратура мен полицияның жедел жұмысының арқасында заң бұзушылар тез анықталып, жауапкершілікке тартылады.

«СҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты психотроптық заттарды заңсыз жарнамалаумен айналысқан «С» азаматына үкім шығарды. Ол аэрозольді бояумен интернет-дүкендердің атауларын адамдар көп жиналатын орындарға – тұрғын үйлердің аулаларына, «Мәңгілік алау» мемориалына, Погодин атындағы драма театры маңына жазған. Сот үкімімен оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп атап өтті қала прокуратурасының баспасөз қызметі.

Петропавл прокуратурасының мәліметінше, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында 145-тен астам есірткіге қатысты граффити жойылды. Ұйымдастырушылар мұндай жазуларды жойып қана қоймай, жастарды есірткі қолданудың ауыр салдарынан сақтандыруды да көздейді.
