Петропавлда KazDroneLab дрондар зертханасы ашылды

Облыс орталығындағы Qyzyljar Creative Center базасында «GEOSCAN-Kazakhstan» компаниясымен бірлесіп алғашқы дрондар зертханасы ашылды. Жоба болашақ инженерлерді даярлауға және елдегі техникалық мамандар тапшылығын толтыруға бағытталған. Сондай-ақ зертхана өңірдің цифрлық экожүйесін дамытуда маңызды қадам болмақ, деп хабарлайды QZ NEWS.
KazDroneLab 12–15 жас аралығындағы балаларға арналған. Сабақтар Qyzyljar Creative Center-де аптасына екі рет, әрқайсысы екі сағаттан өткізіледі. Бағдарлама екі жылға есептелген және екі кезеңге бөлінген.

«Бірінші жылы – негізгі принциптерді, теорияны және практиканы меңгеру. Екінші жылы – жобалық жұмыс, яғни шынайы жағдайға барынша жақындатылған оқыту. Осы зертхана арқылы елдегі кадр тапшылығын азайтуды көздеп отырмыз. Өйткені қазіргі статистика бойынша бізге техникалық мамандар жетіспейді. Дәл осы зертхана сол олқылықтың орнын толтырып, жас әрі дарынды инженерлердің жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ҚР «Геоскан Пионер» білім беру жобасының жетекшісі Снежана Губайдулина.
Дрондар зертханасы – ерте кәсіби бағдар алаңы. Мұнда балалар инженерлік, техникалық және зерттеушілік құзыреттерін дамыта алады. Қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарының құрылысын үйреніп, оларды басқару дағдыларын меңгереді, дрондардың ауыл шаруашылығынан бастап геодезия, экология мен өнеркәсіпке дейінгі түрлі салаларда қолданылуымен танысады.

«Дрондар зертханасының ашылуы – жай ғана жаңа білім беру жобасының іске қосылуы емес, өңірдің цифрлық экожүйесін қалыптастырудағы стратегиялық қадам. Біз Солтүстік Қазақстан облысының балалары ең заманауи технологияларға қол жеткізіп, инженерлік, креативті және зерттеушілік тұрғыдан ойлай білуін қалаймыз. Сенімдімін, бұл зертхана оқушылар үшін нағыз тартылыс орталығына айналып, болашақ инженерлердің, бағдарламашылардың және зерттеушілердің алғашқы жобалары осында дүниеге келеді», – деді SKO Hub директоры Нұргүл Болатова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, зертхананың ашылуына балалар мен ата-аналардың дрондарға деген жоғары сұранысы мен қызығушылығы себеп болған. Бұл – Президент бірнеше мәрте атап өткен цифрлық технологиялар мен инновацияларды дамытуға арналған мемлекеттік стратегияға сай келеді.

Оқыту аяқталған соң зертхана оқушыларына сертификаттар беріледі. Болашақта үздік шәкірттердің Қазақстан намысын халықаралық дрон басқару жарыстарында қорғауы жоспарланып отыр.
