СҚО ТЖД қызметкері Асет Шайкин: «Тек кейін бұл маңызды олжа екенін түсіндік»

Мамонттың сүйек қалдықтарын Қызылжар ауданы маңынан ТЖД қызметкері тауып алды. Асет Шайкин тарихи олжаны қалай анықтағанын QZ News тілшісіне айтып берді.
Демалыс күні Асет Шайкин ұлымен бірге Есіл өзеніне балық аулауға барған. Отбасымен уақыт өткізіп жүрген сәтінде ол құм арасынан ірі жануардың сүйегіне ұқсас сүйектерді байқап қалған.

«Балық аулап отырған кезде мен симметриялы, үлкен, ақ сүйектерді көрдім — бәлкім, жылқы не сиырға ұқсамайтын ірі жануардың сүйегі шығар деп ойладым. Содан кейін көліктен шағын күрек алып, сүйекті құмнан абайлап қаза бастадым», — деді Асет Шайкин.
Асет пен оның ұлы бірден мұның Солтүстік Қазақстан үшін маңызды тарихи жаңалық екенін түсінбеген.

«Тек кейін бұл расымен маңызды олжа екенін ұқтық», — деп атап өтті Асет Шайкин.
Сүйекті үйіне әкетпей, Асет оқиға орнында суретке түсіріп, оны Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаковқа жолдаған.
