Петропавлдық дәрігерлер ауыр ЖКО-дан кейін 22 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалды

Жедел медициналық жәрдем көпсалалы қалалық ауруханасының дәрігерлері ауыр халде жеткізілген 22 жастағы жігіттің өмірін құтқарып, нағыз ерлік жасады. Ол жол-көлік оқиғасынан кейін көптеген сынықтар, ауыр бас-ми жарақатын, өкпе соққысын алып, травматикалық шок жағдайында түскен, деп хабарлайды QZ NEWS.
Науқас түскен сәттен бастап мамандар бригадасы бақылауға алды. Реаниматолог-дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, хирургтар мен травматологтар шұғыл ота жасап, өмірін аман алып қалуда шешуші рөл атқарды.
23 күн бойы жас жігіт жансақтау бөлімінде болды. Осы уақыт ішінде дәрігерлер мен медбикелер оның өмірі үшін тәулік бойы күресті. Кейін оған жамбас сүйектерін бекіту бойынша екі күрделі ота жасалды. Бұл оның аяқ-қолдарының қызметін сақтап қалуға және қайтадан жүруге мүмкіндік берді. Операциялар МӘМС аясында жүргізілді.
Ауруханаға түскеннен кейін 34 күн өткен соң пациент үйіне шығарылды. Қазір ол қолтықтаяқпен қозғалып жүр, алда ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай нәтижеге олардың кәсіби шеберлігі мен бүкіл команданың үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізілді. Сонымен қатар жас жігіттің өмірге деген құштарлығы мен асқан жігері де үлкен рөл атқарды. Оның оқиғасы ауыр жағдайға тап болған жандарға жігер беріп, үміт сыйлайды.
