СҚО-да мамонттың асықты жілігі табылды

Қызылжар ауданы Бәйтерек елді мекенінің маңынан мамонттың асықты жілігі табылды. Сенсациялық олжаны балық аулап жүрген кезде ТЖД қызметкері Есіл өзенінен шығып тұрған жерінен байқап қалған, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Мамонттың алып сүйегін көрген Асет Шайкин бірден Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаковқа хабарласқан. Ғалымның айтуынша, бұл жануардың қаңқасы палеолит дәуіріне жатады, сондықтан табылған жәдігердің өңір үшін маңызы зор.
Бұған дейін мамонттың азу тістері 1940 жылы Петерфельд ауылында табылған еді. Профессордың сөзінше, анықталған сүйекке қарап, мамонттың ірі болғаны байқалады. Жануардың басқа сүйектері әлі де жердің астында жатуы мүмкін.

«Егер қаңқа толық сақталған болса, ол әлі топырақ астында. Жер бетіне шыққаны тек тізе буыны ғана. Биыл қазба жасауға үлгермеуіміз мүмкін. Бірақ қазып, іздеуді жалғастыру қажет. Бұл ғылым үшін өте құнды дүние – елдің нағыз байлығы», – деді Анатолий Плешаков.
Профессор ТЖД қызметкерінің жедел әрекетін ерекше атап өтті. Айта кетерлігі, Асет Шайкин табылған олжаны иемденбей, бірден мамандарға хабарласқан. Осылайша ол өзінің есімін Қазақстан тарихына қалдырды.
«Асет Шайкин – жарады, дұрыс қадам жасады. Кейін бұл жәдігер музейге қойылғанда, экспозицияда оны алғаш тапқан адамның есімі жазылады. Оның балалары мен немерелері келіп, әкесі мен атасы елді дүр сілкіндірген осындай сенсация жасағанын көреді. Оның есімі қалай да тарихта қалады», – деді профессор.
Анатолий Андреевич сенсациялық олжаны СҚО тарихи-өлкетану музейіне тапсыруды жоспарлап отыр. Табылған алып сүйекті сақтап қалу үшін оны арнайы бекіту қажет.
