Қызылжар ауданынан табылған мамонттың асықты жілігі СҚО тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды

Байтерек ауылының маңынан табылған ерекше жәдігер – мамонттың асықты жілігі енді Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталатын болады, деп хабарлайды QZ NEWS.
19 қыркүйекте профессор Анатолий Андреевич Плешаков мамонттың асықты жілігін музей қорына тапсырды.
Еске сала кетейік, мамонттың сүйектерін Қызылжар ауданы аумағында ТЖД қызметкері Асет Шайкин тапқан болатын.

– Балық аулап жүргенде симметриялы, үлкен, ақ түсті сүйектерді байқадым. Жылқыға да, сиырға да ұқсамайтын, ірі жануардың сүйектері болуы мүмкін деп ойладым. Содан кейін көліктен саперлік күрек алып, сүйекті құмнан абайлап қаза бастадым, – деді Асет Шайкин.
Асет сүйекті үйіне әкетпей, оқиға орнында суретке түсіріп, Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаковқа жолдаған.

– Егер қаңқа толық сақталған болса, ол әлі жерде жатыр. Жер бетіне шыққан тек тізе буыны ғана. Биыл қазба жұмыстарын жүргізу қиын, бірақ алдағы уақытта міндетті түрде қазып, іздеуді жалғастыру қажет. Бұл ғылым үшін аса құнды жәдігер– еліміздің нағыз қазынасы, – деді профессор Анатолий Плешаков.
Бұл жаңалық ғалымдарға өңірдің көне дәуіріне қатысты жаңа деректер алуға мүмкіндік береді.
