Петропавлда жаңа қонақүй кешені ашылды

Петропавлда туристік инфрақұрылым нысандарының қатары тағы бір қонақүй кешені – «Самовар» қонақүйімен толықты. Нысанның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жоба «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен мемлекет тарапынан «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қолдау тапқан. Қонақүй кешенінің ашылуына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, туризм саласының өкілдері мен өңір кәсіпкерлері қатысты.
«Бізде екі қабат бар, сонымен бірге жертөле қабаты да қарастырылған. Бірінші және екінші қабат – толықтай қонақүй. Бізде СПА, массаж жоқ, бірақ қаладағы алдыңғы қатарлы ұйымдармен және мейрамханалармен әріптестік орнатқанбыз», – деді «Samovar» қонақүй кешенінің басшысы Виктория Полтавец.
Қонақүй 34 нөмірде 68 орынға арналған. Мұнда стандартты бөлмелерден бастап люкс санатындағы бөлмелерге дейін әртүрлі деңгейдегі қызмет көрсетіледі. Нөмірлердің жалпы аумағы 14-тен 30 м²-ге дейін, барлығы қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталған.
Кешеннің басты мақсаты – туристерге де, іскер қонақтар мен саяхатшыларға да жайлы әрі қолайлы жағдай ұсыну. Ал қала орталығындағы орналасуы мен шағын отель форматы қонақүйге тыныш атмосфера қалыптастыруға және әрбір клиентке жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Күтіліп отырғандай, қонақүйдің ашылуы қалалық инфрақұрылымның дамуына және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға маңызды қадам болмақ.
