Қазақстанда сиыр еті бағасының қымбаттауы: сатушыларға қандай айыппұлдар салынады

Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев Үкіметтегі брифингте сиыр еті бағасының өсуіне қатысты шағымдарды қабылдайтын жедел желінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Сауда және интеграция министрлігі сиыр еті нарығындағы жағдайға байланысты сұрақтар бойынша жедел желіні іске қосты.
Журналистер қазақстандықтардың шағымы түскен жағдайда сатушыларға қандай жаза қолданылатынын сұрады.
«Қазір 15 пайыздық сауда үстемесін асырғаны үшін 5-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, бұл субъектінің түріне байланысты – ЖШС, шағын, орта немесе ірі бизнес. Егер жыл ішінде қайталанса, 10-нан 300 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. Келер жылдан бастап шекті деңгейлер мен шектер алынып тасталады, тек сауда үстемесі ғана қалады. Бүгінде өңірлерде етке шекті баға белгіленбеген. Оны белгілеу – әкімдіктердің құзыретінде. Егер шек белгіленіп, оны асырса, айыппұл 100 АЕК болар еді», – деді Ернұр Жәутікбаев.
Бұған дейін Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықтағы сиыр еті бағасына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ведомство сонымен бірге бағаның негізсіз өсуін тежеу бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырып жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ, министрлік әлеуметтік сиыр етіне рұқсат етілген үстемеақыны асырғаны үшін 45 қаулы толтырылғанын, оның ішінде 33-і айыппұл екенін мәлімдеді.
