СҚО тұрғындары сапасыз тауарға қатысты жиі шағымдана бастады

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау шаралары қатаңдатылды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қатысты бұзушылықтар үшін нақты айыппұлдар енгізетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) түзетулерге қол қойды. Бұл өзгерістер туралы СҚО ӨКҚ брифингінде Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Егер бұрын кәсіпкерлер ескерту жасаумен шектелсе, енді мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмауы, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ тұтынушының жазбаша шағымын елемеу сияқты заңбұзушылықтар үшін айыппұл салынады:
- Жеке тұлғаларға – 5 АЕК (қайталанса – 10 АЕК)
- Шағын бизнеске – 10 АЕК (қайталанса – 20 АЕК)
- Орта бизнеске – 15 АЕК (қайталанса – 30 АЕК)
- Ірі бизнеске – 25 АЕК (қайталанса – 50 АЕК).
Бұдан бөлек, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілеттігі кеңейтіліп, енді ол тұтынушыларды алдау, артық ақша алу, өлшемнен жаңылу сынды істерді де қарай алады.
«Мысалы, тұтынушы тұрмыстық техниканы сатып алған, бірақ ол екі күн ішінде істен шыққан. Сатушы ақшаны қайтарудан бас тартқан. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіну әділдікті қалпына келтіруге мүмкіндік берді», – деді Ғалымжан Абаев.
Аймақта азаматтардан келіп түскен өтініштердің саны өсіп келе жатқаны атап өтілді. Тек Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 8 айда 345 шағым түскен. Оның 44,3%-ы қанағаттандырылды, ал ең көп шағым бөлшек саудаға (42,3%) және электронды коммерцияға (26,6%) қатысты болды.
