СҚО-да «Цифрландыру кеңсесі» құрылды

Петропавлда облыс әкімдігінің отырысында Президент Жолдауына сәйкес Ұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру және өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығы талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS.
15 қыркүйекте Үкімет 8 негізгі бағытты қамтитын жоспарды бекітті. Негізгі мақсат – экономикалық дамуды жеделдету, цифрлық технологияларды енгізу және халықтың өмір сапасын арттыру. Әрбір бағыт бойынша өңірде іске асырылатын басымдықтар айқындалды.
«СҚО дәстүрлі түрде алдыңғы қатарлы аграрлы өңір болып табылады. Бүгінде біздің міндет – агроөнеркәсіп кешеніндегі әртараптандыру мен тиімділікті арттыру қарқынын бәсеңдетпеу. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі еселеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін мал шаруашылығы мен терең өңдеу салаларында инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр», – деді өңір басшысы.
Ұлттық инвестициялық жобалар пулына СҚО-дан 51 жоба енді. Арнайы экономикалық аймақ қарқынды дамып келеді. Үкіметтің қолдауымен Тайынша ауданында және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда екі жаңа субаймақ ашылды.

Цифрландыру мен жасанды интеллектке ерекше көңіл бөлінді. Өңірде «Цифрландыру офисі» құрылып, СҚО-ның цифрлық даму стратегиясы әзірленіп жатыр, сондай-ақ іске асырудың жол картасы дайындалды.
Күн тәртібінде алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Президент тапсырмасына сәйкес, жылу нысандарын сенімді әрі үздіксіз дайындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Облыс бойынша қазандықтар дайындалып, әлеуметтік маңызы бар нысандар жылыту маусымына толық әзір. Әлеуметтік сала мекемелеріне қажетті көмір қоры жасақталды, тұрғындар 74% көлемінде отынмен қамтамасыз етілген.
Өңір басшысы барлық аудан және қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты жеке бақылауда ұстауды тапсырды.
