Арзан ет пен төмен жалақы: қазақстандықтар үшін сиыр еті қаншалықты қолжетімді

Қазақстанда сиыр етінің бағасы әлем бойынша ең арзан сатылатындардың бірі болып есептеледі. Алайда жалақы деңгейінің төмендігіне байланысты ол көптеген өзге ел тұрғындарына қарағанда қазақстандықтар үшін азырақ қолжетімді, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Соңғы күндері ел ішінде сиыр еті бағасының өсуі қызу талқыланып жатыр. Сауда министрлігі тіпті қымбат бағаға, сауда үстемесіне немесе ет жеткізудегі кідірістерге шағымдануға болатын жедел желіні іске қосты. Баға өсіміне қарамастан, әлемдік деңгейде Қазақстандағы сиыр еті әлі де арзан саналады – 147 ел ішінде еліміз арзан ет бойынша 20-орынға жайғасқан.
Алайда арзан баға халық үшін әрқашан қолжетімділікті білдірмейді. Мәселен, Numbeo зерттеулеріне сәйкес, жалақы мөлшері бойынша Қазақстан 147 елдің ішінде тек 82-орында тұр. Орташа жалақы мұнда 291 135 теңгені құраған. Бұл – Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) көрсеткен ресми деректерден (2025 жылдың екінші тоқсанында 448 620 теңге) айтарлықтай төмен.
Numbeo төмен көрсеткіш беруінің себебі – есептеу әдісінде. Олар соңғы бір жылдағы салық алынғаннан кейінгі нақты қолдағы ақшаны негізге алады. Ал ҰСБ шағын кәсіпкерлікті есепке алмайды және үстемелерді, қосымша төлемдерді, сыйақылар мен басқа да төлемдерді қосады.
Сондықтан баға мен жалақыны бірге қарастырғанда, Қазақстан арзан сату бойынша әлемде 20-орында болса да, қолжетімділік бойынша бірден 64-орынға сырғиды. Орташа жалақыға 77,7 кг сиыр етінің жамбас бөлігін ғана сатып алуға болады.
Осылайша, сиыр еті бағасы жағынан ТМД елдерінің басым бөлігін артта қалдырған Қазақстан қолжетімділік бойынша кейбірінен ұтылып тұр. Мысалы, Ресейде орташа жалақыға 80,5 кг, Беларусьте – 92,5 кг, ал Молдовада – 78,4 кг ет алуға болады.
Сиыр еті ең қолжетімді ел – Катар. Онда орташа жалақыға 346,2 кг ет сатып алуға мүмкіндік бар. Одан кейін Кувейт (311,5 кг), БАӘ (263,9 кг), АҚШ (262,2 кг) және Аустралия (258,6 кг) тұр. Ең қолжетімсіз сиыр еті Кубада сатылып отыр: мұндағы орташа айлық 18,9 мың теңгеге бар болғаны 3,3 кг жамбас етін ғана сатып алуға жетеді. Әлемдік деңгейде арзан саналатын қазақстандық сиыр еті оның халық үшін бірдей қолжетімді екенін дәлелдемейді.
