Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда өткен алғашқы «Enbek Star 2025» кәсіби бағдар форумы 300-ден астам адамды жинады

Петропавлда өткен алғашқы «Enbek Star 2025» кәсіби бағдар форумы 300-ден астам адамды жинады

September 26, 2025 15:12

Qyzyljar Creative Center-де алғашқы «Enbek Star 2025» кәсіби бағдар форумы өтті. Іс-шара Еңбек күні мен Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылып, жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Форумға Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев, облыстың жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдері, мектеп оқушылары, қала және облыс колледждерінің студенттері мен ұстаздары, қоғам қайраткерлері қатысты.

«Enbek Star 2025» форумының мақсаты – жас ұрпаққа жұмысшы мамандықтарының болашағы мен ашатын мүмкіндіктерін көрсету. Әсіресе алдағы кәсіби таңдаудың алдында тұрған жастарға ерекше назар аударылды.

Форумды облыс орталығының әкімі Серік Мұхамедиев ашты. Ол қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарының тек экономиканың негізі ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі дамытуға, өсуге және жасампаздыққа жол ашатын кеңістік екенін атап өтті.

«Бүгін біз Петропавлда алғашқы кәсіби бағдар форумы «Enbek Star»-да жиналып отырмыз. Басты мақсат – мемлекет, бизнес, білім беру ұйымдары және, әрине, жастардың күшін біріктіру. Қазіргі заманғы жұмысшы – жаңа технологияларды, цифрлық дағдыларды, өндірістегі инновациялық тәсілдерді меңгерген маман. Біз әрбір жас өзінің әлеуетін ашып, сапалы білім алып, заманауи мамандық иесі атанып, болашаққа нық қадам басуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деді қала әкімі форумды ашу барысында.

Серік Мұхамедиев кәсіби білім беруді дамытуға және жастар бастамаларын қолдауға айрықша үлес қосқан кәсіпорындарға алғыс хаттар табыс етті.

Форум аясында өңірдің жетекші кәсіпорындары мен оқу орындарының қатысуымен көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ тәжірибелі мамандардан шеберлік сағаттары, жұмысшы мамандықтарының беделі мен технологиялық дамуын талқылаған панельдік сессия өтті.

Сонымен қатар Qyzyljar Creative Center өкілдері қала әкімдігімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды. Облыс орталығының әкімі атап өткендей, креативті орталық Петропавлдың дамуына тың серпін беріп, қызықты әрі өзекті жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Shares