Жыл басынан бері Петропавлда NEET санатындағы 140 жас жұмыспен қамтылды

Петропавлда жыл басынан бері жастармен жүргізілген жұмыс қорытындыланды. Жастар саясатын жүзеге асыруда басты рөл атқаратын Жастар ресурстық орталығының негізгі бағыты – 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамту және олардың белсенділігін арттыру, деп хабарлайды QZ NEWS.
Петропавл қалалық мәслихатының комиссиясында айтылғандай, жастар орталығы 380-нен астам білім беру, құқықтық, психологиялық және спорттық іс-шара өткізген.
Әсіресе NEET санатындағы – оқу мен жұмыспен қамтылмаған жастарға ерекше көңіл бөлінген. 280 жасқа кеңес берілсе, соның 140-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы 45 жас қайта даярлауға жіберілген.
«Жастарға «Дипломмен ауылға», «Контракт поколение», «Алғашқы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламаларының мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілуде. Оқушылар да «Жасыл Ел» жобасы аясында уақытша жұмыспен қамтылды. Қалада волонтерлік қозғалыс та қарқынды дамуда, оған бес мыңнан астам студент тартылған. Бір жылдың ішінде еріктілер 3 500-ден астам отбасыға көмек көрсетті», – деді Петропавл қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Диана Попова.
Сондай-ақ волонтерлер экологиялық бастамаларға белсенді қатысты – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көшелерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша шамамен 290 іс-шара ұйымдастырылды.
Жалпы алғанда, жастарға арналған іс-шараларға қаладағы 44 мыңнан астам жас қатысты.
