Солтүстік Қазақстан облысының екі педагогы Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік награда алды

Астанада білім беру саласы қызметкерлерін марапаттау салтанатты рәсімі өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі мен Республика алдындағы ерекше еңбегі үшін педагогтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Мемлекет басшысының қолынан марапат алғандардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының екі педагогы да бар, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мектеп мұғалімдерімен қатар колледждер, жоғары оқу орындарының оқытушылары және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапатталды. Солардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан екі педагог лайықты бағасын алды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» жоғары атағы Уәлиханов ауданы білім бөліміне қарасты «Мортық орта мектебі» КММ математика пәнінің мұғалімі Сейітова Гүлжан Қапезқызына берілді.
Гүлжан Қапезқызы 1967 жылы Мортық ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын «математика және физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 35 жылдан астам уақытын мектептегі жұмысқа арнаған ол – педагог-зерттеуші, геометрия мен математикалық сауаттылық бойынша әдістемелік жинақтардың авторы. Ұстаздың шәкірттері жылдар бойы облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып келеді.
Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы Петропавл қаласындағы «Жоғары құрылыс-экономикалық колледж» КМКК арнайы пәндер оқытушысы Базарбаева Сәруар Оразқызына берілді.

Сәруар Оразқызы 1966 жылы Булаев ауданының Ворошилово ауылында туған. 1997 жылы Солтүстік Қазақстан университетін «Өндірісті экономика және басқару» мамандығы бойынша бітірген. 20 жылдан астам уақыт бойы бухгалтерлік пәндерден сабақ береді. Педагогикалық қызметі барысында ондаған олимпиада мен байқау жеңімпаздарын, соның ішінде WorldSkills Kazakhstan өңірлік чемпионатының жүлдегерлерін дайындаған.
Мемлекет басшысы тапсырған жоғары мемлекеттік наградалар – солтүстікқазақстандық педагогтардың еңбегіне берілген үлкен баға әрі жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбектерінің маңыздылығын айшықтайды.
