«Құлагер» хоккей клубының директоры команда басшысы Сергей Фильдің ісіне қатысты пікір білдірді

«Құлагер» хоккей клубының команда басшысы қыркүйек айының соңында жоғалып кеткен еді. Қазір Сергей Филь алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Осы жағдайға байланысты әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде түрлі пікірлер мен болжамдар тарап жатыр. Осыған орай «Құлагер» ХК директоры Игорь Шерстов бұқаралық ақпарат құралдарына ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Сергей Филь өткен жылдың желтоқсан айында «Құлагер» командасының басшысы қызметіне тағайындалған болатын. Ресми түрде ол әлі де клуб қызметкері болып саналады, алайда жұмыс орнында жоқ. 24 қыркүйектен бері байланысқа шықпаған. Кейін белгілі болғандай, ол алаяқтық жасады деген күдікке алынған.
Сол уақытта әлеуметтік желілерде Челябі облысының полициясы деректері «Құлагер» қызметкеріне ұқсас ер адамды іздестіріп жатқаны туралы хабарлама тарады. Онда бойы екі метрге жуық, 1980 жылы туған ер адамның пәтер жалдап, иелерінің заттарын ұрлап кеткені айтылған. Іздеу хабарламасында көрсетілген аты-жөні — Сергей Владимирович Филь.
«Құлагер» ХК директоры Игорь Шерстов ресми түсініктемесінде Сергей Фильге қатысты оның жұмыс істеген уақытында клуб әкімшілігі де, құқық қорғау органдары да ешқандай шағым не күдік білдірмегенін атап өтті. Ол Фильдің өзін жауапты әрі адал қызметкер ретінде көрсеткенін, әріптестері мен хоккейшілер арасында сый-құрметке ие болғанын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Сергей Фильге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.
«Полиция 45 жастағы Астана қаласының тұрғынына қатысты екі және одан да көп адамға алаяқтық жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау және ұстау шаралары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», — деп хабарлады СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Егер сізде Сергей Владимирович Фильдің қайда екені туралы қандай да бір ақпарат болса, 102 нөміріне хабарласыңыз.
